Контактілер
Контактілер

Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталінің директоры Гаухар Тазабекқызы 10 ақпан күні «Хабар» телеарнасының журналистеріне сұхбат берді. Сұхбат барысында госпитальдің тыныстіршілігін кеңінен сөз етіп, ардагерлерін ардақтаған мекен жайлы мол ақпарат бөлісті. Қызмет барысын кеңінен талқылап, жаңа бетбұрыстар мен бастамалар өнегесін сөз етті. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін ұлықтау мен құрметтеудің нышаны іспестес жарық көрген арнайы мерекелік альбомды таныстырып, ерекше естеліктерді, майдангерлердің мейірімі сіңген мекеменің жарқын жетістіктерін ортаға салды.

– Қазір госпиталіміз Отан соғысының ардагерлеріне, Ауған, Таулы Қарабах соғысының интернациноалист-жауынгерлеріне, Чернобыль АЭС-ында болғандарға, Семей полигонынан зардап шеккендерге қызмет көрсетеді.

Госпитальдегі Ұлты Отан соғысы ардагерлерінің орны бөлек. Қашан да ерекше құрметке ие. Өз аяғымен жүре алатын ардагерлерімізді осында емдейміз. Төсек тартып жатқан ардагерлерді де естен шығармаймыз. Өзіміздің жыл сайынғы керемет дәстүріміз бар. Наурыз мейрамы мен Жеңіс күні қарсаңында ардагерлеріміздің үйлеріне  арнайы барамыз. Сыйлыққа толы себетімізді тарту етеміз. Денсаулығын тексереміз, қараймыз. Хәлін сұрап, өсиет-өнегесін тыңдап қайтамыз. Ардагерлеріміз бір жасап қалады. Біз олардың ақ батасын алғанымызға қуанамыз,  – деп жауап берді Гаухар Тазабекқызы.

Сонымен қатар, мекеме директоры Ұлы Жеңісті жақындатқан ардақты ардагерлеріміз жайлы тың дерек айтты:

Біздің госпитальде 2022 жылы Ұлы Отан соғысының он ардагері ем қабылдады. 2023 жылы төрт Ұлы Отан соғысының ардагері, 2024 жылы үш ардагеріміз емделді.

Біз үшін 2024 жыл толайым табысқа толы болды. Госпиталіміздің 80 жылдық мерейтойын тойладық. Ауған соғысы аяқталғанына 35 жыл толды. Соған орай республикалық деңгейде мерекелік кеш өткіздік. «Ауғанның асуында от кешкендер» атты іс-шарамыз жоғары дәрежеде өтті. Ардагерлеріміздің құрметіне әскери оркестр өнер көрсетті. Кешке келген құрметті генерал-майор Марат Алимжанұлы өзінің жасағындағы сарбазы Олег Озеровты тосыннан кездестіріп қалып, сенсациялық оқиға болды. Бұл жайлы талай бұқаралық ақпарат құралдарында жазылды. Кешке қатысқан ардагерлеріміздің көңілі өсіп, марқайып қалды. Барлығы тамаша көңіл-күймен, ерекше салтанатпен тарқасты. Риза болып, айрықша алғыс айтып жатты – деді Гаухар Тазабекқызы.

Гаухар Тазабекқызы журналистермен тілдесу барысында госпитальдің жаңа қызметі, игі бастамаларын да ерекше санамалап, жаңа терапия кабинетін, мамандардың жұмыс барысы мен жеткен жетістіктерін түсіндірді. Журналист сауалына:

– Биылғы 2025 жылдан бастап денеге негізделген терапияны іске қостық. Себебі, соңғы жылдары емделушілеріміз өздерінің көңіл күйінің жиі бұзылатынына, ұйқысыздығына, күйзеліске түскеніне шағым айтып жүр. Соған орай, госпитальде «денеге негізделген терапия» кабинеті ашылды. Білікті психолог мамандарымыз науқастармен жұмыс істеп келеді. Алғашқы айдың өзінде 56 науқас ем қабылдады. Терапия біткеннен кейін олардың ұйқысы қанып, бойы сергіп,  жағдайы жақсарған, – деп жауап берді директор.

Сайып келгенде, госпиталіміз заман ағымына қарай дамып, республиканың әр түкпірінен келген ардагерлерге сапалы қызмет көрсетіп келеді. Бұл біздің ғана емес, барша ардагерлеріміздің қара шаңырағы, ортақ үйіміз. Ел алғысын арқалап жүрген қара шаңырақта қызмет ету – үлкен абырой.