Абайдың 180 жылдық мерейтойы мен Ата заңның 30 жылдығы аясында…

Кең тынысты ақын, ағартушы әрі қазақы жазба әдебиеттің негізін салушы Абай Құнанбаевтың өмірі – отаршылдықтан адами қалыбы жұқарып, түрлі жағымсыз қасиеттерге ие болған замандастарымен иін бойлап, иық тіресе өтті. 1889 жылы жазылған «Ішім өлген, сыртым сау» өлеңінде: «Кісі алдында кірбеңдеп, Шабан, шардақ (дәрменсіз) және шау (тосырқап, тоқырап қалу). Мұндай ма едің ана күн, Мұның қалай, батыр-ау?! – дейді жұмбақ Абай.
Мұнысын заманға наза, қоғамға күрсініс деп топшылау орынсыз, бар кілтипан – әкімшіл-әміршіл қысымда болса керек. Кейіні: «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі… бір жүрген қуыс кеудемін!- деп түйіндейді. Сәттік кею, шәйі орамал кепкенше жалғасар ашу болса бір сәрі, қаламнан құйылып, хатқа қонған тоғызыншы қара сөз. Тағдырлы сөздің танымдық жұмбағы. Осы ретте, публицист Сапар Байжанов қазақ топырағында Абайдың тікелей қатысуымен қазақ заңтану ғылымындағы аса елеулі құжат – Қарамолада ережесінің болғанын айтады.

1868 жылы 21 қазанда қол қойылған «Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару жөніндегі Уақытша Ереже» негізінде Ресей өкіметінің қазақы дәстүрдегі заң жүйесін бұзып жазған, қазақ халқының мүлдем жаратылыс-болмысы, тұрмыс-тіршілігімен үйлеспейтін заңға қарсы хаттама. 74 баптан тұратын жарғы. Қазақ заңтануындағы алғашқы ережені хатқа түсірген – Абай. Философ, ғалым Асан Омаров «Абай: ашылмай келген қырлары» атты монографиялық еңбегінде: «Шабыты шалқығаны емес пе, жиылған би болыстарға арналған Ережені Абай 3-4 күнде дүниеге әкелген. Сол 73 баптан тұратын жаңа заңды баршасы — болыс, билер һәм ұлықтар мақұлдап, ереже астына қолдарын қояды», – деп жазады. Құжатта билік айта білу үшін «бұрынғы Қасым ханның «қасқа жолын», Есім ханның «ескі жолын, Әз Тәуке ханның «Күл төбенің басында күнде кеңес» құрған «Жеті жарғысын» білмек керек… ондай кісі аз, яки тіпті жоқ!» – дейді Абай. Аса білгірліктен емес, білімпаздықтан.
Түрік қағанаты дәуіріндегі «Жарғы», Шыңғыс хан кезеңіндегі «Жаса», бертінгі хандар заңдарын ұлттық түйсінуден, қабылаудан туған айрықша заңдық қабілет жаңа ереже жасау осы ретте Абайдың бойынан көрінеді. Бұл ерекшелік қазіргі тәуелсіз Қазақстан кезеңінде де-фактологялық сипаттағы құқықтық нормаларына жетті. Мысалы, Отанымыздың «Нормативтік құқықтық актілерінде» мемлекетті басқару нысандары мен құқықтары дәл осындай ретпен танылады. Абайдың ұсынған құжатында дәуір тұрғындарынын құқықтарының қорғалуы, олардың өз ортасы, әрбірінің қоғам, тіпті, дәуір үшін индивидтік маңызы ашылып көрсетіледі. Замандастарының өмірі мен тағдыры бірінші орынға шығады. Айталық, суға кетіп бара жатқандарға, өрт уақытында, боран мен суық күнде жәрдем көрсетпегендерге, сондай-ақ, көпір, арық, құдық бұзғандарға айып белгілеу жөніндегі 36-37 баптардағы тұжырымдар сол қауымдастық ынтымақ, ортақ жауапкершілік турасында мәселе қояды. Ереженің ұрлық-қарлыққа қарсы бағытталған қағидалары біршама мол. Бұған қарағанда, ол дәуірде ұрлық пен барымтаның ел ішіндегі ең көбірек етек алған қылмыс деп топшылауымызға әбден болады.

Жарғыда ұрының өзі ғана емес, оған серіктес, сыбайлас болғандар жазаға тартылатындығы жайлы нақты тұжырымдамалар бар. /59-бап: Үй, кілет бұзып, қастық ниетімен істесе, ұрланған нәрсесінен басқа бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып береді…61-бап: Ұрлық үшін кесілген мал алынып беріледі, ұрының өзінен һәм оған серіктес болған жолдасынан…Абай/ «Абай Ережесінің» бұл бөлімі бастапқы негізін сақтағанымен, қазірде біршама жаңарып, заманалы түрөзгеріске ұшыраған. Жаңа Конститутцияға сәйкес ұрлық – әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылады, танылады. Ұрлық жасағандар Әкімшілік кодекстің Ерекше бөліміндегі заңға сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады. Сайып келгенде, заңдық мәні болмаған «Ережеге» егер салыстырмалы талдау жүргізетін болсақ, қазақ әдет-ғұрып құқығының, соның ішінде жетпіс төрт баптан тұратын құжаттағы көптеген нормаларының мән-мағынасын қазіргі заманғы әкімшілік құқық талаптарынан да ұшырастырамыз. Сотта іс жүргізудің тәуелсіз және объективті түрде өтетіндігіне кепілдік беретін судьяның бейтарап болуы жайында Қарамола ережесінде айталады. 5-бапта Алқабидің дауласқан жағының бірі туысқан жақыны болса немесе олармен араздықта болса онда Алқаби өзін билік айтудан ерікті түрде босатады. Осы айтылған норма қазір Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 814-бабында кездеседі. Онда туыстық туралы норма нақты көрсетілсе, араздық туралы норма келесі сипатта жазылған: қарауына әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс берiлген судья, лауазымды адам, егер бұл тұлға: біріншіден, жауаптылыққа тартылып отырған тұлғаның немесе жәбiрленушiнiң, олардың өкiлдерiнiң, қорғаушының туысы болып табылған жағдайда, сондай-ақ, Екіншіден, iстiң шешiлуiне жеке басы, тiкелей немесе жанама түрде мүдделi болған жағдайларда, аталған iстi қарай алмайды. Ереженің реформалау үрдісіне ұшырап, жаңа заман түсінігіне маңыз тапқанына осыдан-ақ көз жеткізуге болады.
Сот үрдісіндегі куәгер сөзі – XIX-ғасырдағы сот іс жүргізу процесінде, тіпті, қазіргі әкімшілік сот ісін жүргізу процесінде дәлелдеме-айғақ ретінде ең жиі қолданылатын дәстүрлі әдіс. Бұл турасында, Абай Қарамола ережесінің 21-бабында жалған күмән еткен кісіні жауаптылыққа тартатын арнайы норманы атады. Қазіргі заңнамада бұл форма Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 659-бабында: «Көпе-көрнеу жалған айғақтар беру үшін жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу шарасы көзделген» деп көрсетіледі.
«Қарамола ережесінің» мәнісін барласақ, ережеде тұрмыстық қатынастар, отбасы-қоғам аясындағы құқыққа қайшы әрекеттерге қатысты да қазіргі кезеңмен арнайы заңнамалық ұқсастықтардың болуы бекер емес. Бала тәрбиесі, үлкендер мен кішілер ара-қатынасы, аға буын мерейі ережеде маңызды мәселелер болып саналады. Айтылған моральдық нормалардың сақталуына баса назар аудара айтылған тармақтар жетерлік. Мәселен, 32-бапта: «…Біреуді қол жұмсап ренжітсе, бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып береді; егер айып алушы кесілген айыпты алмаймын десе, бір айға абақтыға отырғызады» деген заңдық талап бекітілген. Бұл жерде айыппұл жазасымен қатар бұрын қазақ әдетғұрып құқығында көрсетілмеген, қазақ даласында қолданылмаған бас бостандығынан айыру альтернативті санкциясын ұшырастыруға болады. Бұл қазіргі қолданыста Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабымен үндеседі. Онда: «Ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу,.. басқа да осындай әрекеттер – он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға, не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады,» – деген альтернативті санкциялар бар.

Ұлан-ғайыр атырап мен төрт түлік мал – халқымыз үшін қашан да тіршіліктің басты формасы еді. Оған қол салушылар, жылдар бойы қалыптасқан тәртіпті бұзушылар Абай жазған ережеде заңды жауапқа тартылатын болды. 55-бапта бұл түсініктер бойынша кінәлілерге келтірілген шығынды өтеп бергіздірумен қоса, талаптың құны бойынша айыппұл тағайындалып, заң жаппай қоғамдық қолданысқа енді. Қазір Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 147-бабында: «Егістіктерді, маяларды таптау, ауыл шаруашылығы дақылдарының алқапта жиналған астығын бүлдіру немесе жою, екпелерді зақымдау үшін жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл белгілеу» туралы арнайы тіркестер бар.
«Қарамола Ережесінің» 9-шы бабы бойынша билердің және съездің шешімдері қазіргі біздің куәгерлердің жауабына негізделген. Абай жасаған жарғыда егер де шақырылған куәгерлерді би сенім артуға болмайды деп тапса, онда дауды куәгерлерсіз-ақ антқа беру арқылы шешу қарастырылды. Мұның өзі-ақ Қазақстан Республикасы Конститутциясының «Сот және сот төрелігі» бөліміндегі судья ескеруге тиісті басты 10 принципті айқындайды. Конститутцияда дәл осы көрсетілген жайтқа «Заңсыз тәсілмен алынған айғақтардың заңды күші болмайды. Ешкім өзінің жеке мойындауы негізінде ғана сотталуға тиіс емес,» деген анықтама ұсынылған.
Жалпы, ғылымда заң мен құқықтың негізін сөз деп қарастыру үрдісі белең алған. Кез келген жарғының, болмаса Ереженің құқықтың мән-мағынасы сөздің күшімен тілдің бар байлығын пайдалану арқылы ашылады. Құқықтық норманы түсіну, ұғу, сөзге жүйрік, жетік болу жолы, сөзсіз, әдеби білімді, терең ой мен пайымды парасатты қажет етеді. Бұл ретте, «Абай ережесі» бүгінгі конститутцияың шежіресін жасады. Өйткені, тарихты білмей, оның жетістіктері мен кемшіліктерінің және өткен заманның ұлы тұлғалары мен ойшылдарының саяси-құқықтық ілімдері мен көзқарастарын, ой-пікірлерін бүгінгі күнмен және болашақпен байланыстырмай, өркениетті дамыған ел болып қалыптасу мүмкін емес. Ұлттық мемлекет қалыптастыруда тәуелсіздіктің ұрпақтары заңгер Абай Құнанбайұлының жұмбақ «Қарамола ережесін» ашық сана, биік мұратпен шешетін болады.
Дастан Қастай
Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталінің баспасөз хатшысы