Контактілер
Контактілер

«Ардагерлер тәлімі мен тарих тағылымы: Тәуелсіздік – Ұлт биігі» тақырыбында Тәуелсіздік күніне арналған кездесу Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпитальде өтті.

Іс-шараны госпиталь директоры Гаухар Тазабекқызы ашып, әріптестерін Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Кездесу барысында госпиталь ардагерлері тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, дамуы және ұлттық бірегейліктің нығаюы жөнінде өз ойларын білдірді. Арнайы баяндама жасаған Орынғали Бекзат мырза ел тәуелсіздігінің тарихы мен жетістіктеріне тоқталды.

– Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі – халқымыздың ғасырлар бойғы арман-мұратының жүзеге асуы, ұлттық мемлекеттіліктің қайта жаңғыруының айқын көрінісі. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, әлемдік қауымдастықта дербес мемлекет ретінде танылды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиындықтармен өтті: нарықтық жүйеге көшу, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс, өндірістің тоқырауы. Сол кезеңде еліміз түбегейлі реформалар жүргізіп, стратегиялық даму бағытын айқындады. Ұлттық валюта енгізіліп, жаңа Конституция қабылданды, халықаралық аренада бейбіт саясат ұстанылды, – деді мейіргер.

Ауған және Чернобыль ардагерлері тәуелсіздікке деген толғанысын білдірді. Сонымен қатар, госпиталь дәрігерлері мен мейірбикелеріне денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін медальдар табысталды.

Қорытындылай келе, тәуелсіздік – өткеннің жемісі ғана емес, болашақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Егемендік жылдары қол жеткізілген жетістіктер ел бірлігін, тұрақтылықты және өзіндік даму жолының қалыптасқанын дәлелдейді.