
Жиынды госпиталь директоры ашып, қатысушыларға жүрекжарды лебізін білдірді. Ол қазақ тілінің госпиталь тіршілігіндегі орны мен құндылығына тоқталып, мемлекеттік тілдің мерейін өсіру — әр медицина қызметкерінің ортақ міндеті екенін атап өтті.
Госпитальдің баспасөз хатшысы Дастан Қастай «Медицина мекемелерінде қазақ тілін үйрету мәселесі: Госпитальдегі мемлекеттік тіл қолданысын кеңейту тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасап, ана тіліміздің тынысын кеңейту жолдары мен сол жолдағы кедергілерді саралады. Ол нақты тәжірибелер мен нәтижелерді мысалға келтіріп, мемлекеттік тілдің медицина саласындағы әлеуетін ашып көрсетті.

Персоналмен жұмыс бөлімінің кадрлар жөніндегі аға инспекторы Нұргүл Армияқызы мекемедегі іс-қағаздардың қазақ тілінде жүргізілу барысын баяндады. «Госпиталь тыныс-тіршілігі: іс-қағаздар ісі мен іс-шараларының қазақ тілінде жүйеленуі» атты өз пікірінде ол көпжылдық тәжірибесін бөлісіп, тілге деген құрметтің ең алдымен құжаттамадан басталатынын атап өтті.
Госпитальде қазақ тілінде өткізілетін іс-шаралардың маңызы мен олардың қызметкерлер арасындағы тілдік ортаны қалыптастыруға қосып жатқан үлесі де сөз болды.

Дәстүрлі емес медицина кабинеті мен физиотерапия бөлімшесінің мейіргері Бекзат Орынғали белгілі ақын Күләш Ахметованың «Сен – Қазақсың» атты өлеңін жатқа оқып, алқасөзге көркемдік рең беріп, қатысушылардың көңіліне ерекше әсер сыйлады.
Терапия бөлімшесінің меңгерушісі Құралай Жұмаханқызы «Ардагерлер алғысына жетелеген қазақ тілінің қасиеті: медицина мекемесіндегі тіл қолданысын нығайту» атты тақырыпта сөз сөйлеп, өзінің кәсіби жолында кездескен тағылымды оқиғаларын бөлісті. Қазақ тілінің дәрігерлік қызметтегі орны, ана тілінде сөйлей білудің артықшылығы мен мәртебесі жайлы тебірене айтты.